Жамбылдық полицейлер қолайсыз ауа райында қала сыртына шықпауға шақырады
Жамбылдық полицейлер жол қозғалысы ережелерін бұзбауға және қолайсыз ауа райында қала сыртына шықпауға шақырады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Жамбыл облысы Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны 7 мың 346 жол ережесін бұзу дерегін анықтады.
Сонымен қатар, «Арқан» мобильді кешенімен облыс бойынша 5 927 әкімшілік құқық бұзушылық тіркелді.
Жылдамдықты асырғаны үшін екі мыңнан астам әкімшілік хаттама толтырылды.
Полиция департаменті патрульдік полиция батальонының жеке құрамымен түрлі құқық бұзушылықтар үшін айыппұл тұрағына 65 автокөлік қойылды, оның ішінде төрт автокөліктің иесі мас күйде ұсталған.
10 ақпаннан бастап жол-көлік оқиғаларының қауіпті аймағы болып табылатын «Тараз-Аса» тас жолында екі арнайы «Арқан» мобильді кешені орнатылды, олардың көмегімен бүгінгі күні жылдамдық режимін асыру бойынша 700-ден астам әкімшілік құқық бұзушылық анықталды, бұл көрсетілген жол учаскесіндегі жол жағдайын едәуір жақсартты.
Ауа-райының қолайсыздығы, қатты жел мен тұманның түсуі, жолдардағы көктайғақ салдарынан жол-көлік оқиғасының өсу қаупі артады. Жүргізушілер ауа райы туралы ескертулерге назар аударып, жолдағы жағдайды қадағалап, өз өмірі мен жақындарының денсаулығына қауіп төндірмеуі және жолға шықпауы керек. Естеріңізге сала кетейік, «Шымкент-Тараз» және «Шу –Бурулдай» тас жолдары қатты көктайғаққа байланысты жабық күйінде қалып отыр.