Жамбылдық полицейлер ұрланған қаруларды іздестіру жұмыстарын жалғастыруда
Жамбылдық полицейлер ұрланған қаруларды анықтау бойынша жедел-іздестіру шараларын жүргізуде, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жамбыл облысы ПД КПБ қызметкерлері ҚАЖД қызметкерлерімен бірлесіп, Тараз қаласында орналасқан зират аумағынан қара түсті полиэтилен пакетін тапты, нәтижесінде екі тапанша, бір тегіс ұңғылы аңшы мылтығы, 17 патрон, бронежилеттің бір темір қалқаны тәркіленді.
Сондай-ақ, 4 тамызда ПД КПБ қызметкерлері УЖД 158/1 қызметкерлерімен бірлесіп, Жамбыл ауданының аумағынан ақ түсті полиэтилен пакетін тапты. Оның ішінен ПД-дан ұрланған бір автомат, бір қос ауызды тегіс ұңғылы аңшы мылтығы табылып, тәркіленді.
8 тамызда облыс орталығы аумағында тас үйіндісінің астынан көк түсті қап табылып, оның ішіндегі бір тапанша, бір тегіс ұңғылы аңшы мылтығы тәркіленді.
Сол күні жанармай құю бекетінің жанынан автомат табылды. Тиісті сот-баллистикалық сараптамасы тағайындалды.
Биылғы жылдың 1 тамызынан бастап барлығы 8 бірлік атыс қаруы, оның ішінде үш тапанша мен екі автомат тәркіленді.
Жамбыл облысының Полиция департаменті қарудың, оқ-дәрілердің, арнайы құралдардың орналасқан жері туралы хабарлаған немесе оларды полицияға өз еркімен тапсырған адам, егер басқа құқық бұзушылықтарға қатысы болмаса, қылмыстық және әкімшілік жауапкершілікке тартылмайтынын еске салады. Анонимділікке кепілдік беріледі.