Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жәрдемақыға қатысты алдаудың алғашқы жағдайы тіркелді

Петропавл полицейлері ТЖ кезеңінде орын алуы мүмкін алаяқтық түрлері туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Петропавл полицейлері коронавирус бойынша төтенше жағдайға байланысты жұмыссыз қалғандарға төленетін жәрдемақыға қатысты алдаудың алғашқы жағдайын тергеп жатыр.

Облыс орталығының 1932 жылы туған 88 жастағы тұрғыны Полиция басқармасына ақшаның жоғалғаны туралы арызымен жүгінген. Белгісіз қылмыскер өзін әкімдіктің өкілімін деп таныстырып, егде жастағы әйелге оған тиесілі жәрдемақы бары туралы айтқан. Кейін бір стакан су сұратқан. Үй иесінің келуін күтпестен ізін суытып, үйдің кіреберісінде жатқан әмияннан 7 мың теңгенің қолды қылып үлгерген.
Аталған факті ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабы (ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерудің бірыңғай тізіліміне енгізілді, тәртіп сақшылары қылмысты ашу бойынша жұмыс істеп жатыр.

ТЖ кезеңінде алаяқтық сценарийінің басқаша өрбуі мүмкін, – дейді Петропавл қалалық ПБ басшысы Жандос Мұқатов. – Қаскөйлер әлеуметтік төлемдер, сондай-ақ адамдардың қашықтықтан қызмет түрлерін алу және сауда жасау ниеттерін туралы ақпаратты пайдалана алады. Осыған орай, мемлекеттік қызметтерді тек ресми сервистерден алуға болатынын естеріңізге саламыз, “көмек көрсетемін” деп сендірген адамдармен байланыс жасамаған жөн. Кез келген әрекетті жасарда ресми мәліметтерге сүйенген дұрыс”.

Полицейлер интернет арқылы мәміле жасаған кезде белгілі сервистерден және әлеуметтік желілерден жарнаманы егжей-тегжейлі тексеруді және алдын ала төлемдер жасамауды ұсынады. Интернет-алаяқтар көбіне жоқ тауардың суретін немесе видеосын ұсынады (әдетте, алаяқтардан қосымша бейнешолу жасауды өтінген кезде олар тауарын сатудан бас тартып жатады).  Жеке және қаржылық мәліметтеріңізді: жеке куәлігіңіздің суретін, банк картасының пин-кодын, шот нөмірлеріңізді, банк картасының сыртындағы үш саннан тұратын кодты, sms-хабарламасымен келетін растау кодтарын, әлеуметтік желі парақшаларындағы логин мен құпия сөздерді ешкімге сеніп бермеңіз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру