Сейфтен 7 млн ақша ұрланды
Түркістан облысының полицейлері сейфтен 7 миллиондай ақша ұрлаған жергілікті тұрғынды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Мақтаарал АПБ-на осы өңірдегі фирмалардың бірінде жұмыс істейтін жергілікті тұрғын арызданады. Оның айтуынша, өзінің қызметтік бөлмесінде темір сейфке сақтап жүрген 7 000 000 теңгеге жуық жеке ақшасын белгісіз тұлғалар ұрлап кеткен. Ойда-жоқта жиған-тергенінен айырылып қалған жәбірленуші ер адам, осы ұрлықты ашып берсеңіздер деп полицейлердің көмегіне жүгінген.
Аталған жайт СДТТБТ-не енгізіліп, ҚР ҚК-нің 188-бабы «Ұрлық» бойынша тіркелді.
Келіп түскен хабарлама бойынша Мақтаарал АПБ-нің жедел тергеу тобы оқиға орнына жетіп, арнайы топ құрылып сұрастыру жұмыстарын жүргізді. Ұрлыққа күдікті тұлғаны анықтауға бағытталған барлық жұмыстар атқарылды. Аптаға жуық жедел-іздестіру іс-шаралары барысында, жинақталған ақпарат көздері арқылы полиция қызметкерлері күдіктінің жеке-басын анықтады. Ірі көлемді ақшаны жымқырған сол мекеменің күзетшісі болып шықты. Тергеу барысында анықталғандай, сейфтің есігі ашық қалғанын байқап қалған күзетшінің ойы бұзылып, жеңіл жолмен ақша табу мақсатында ішіндегі ақшаларын алып кетіп, үйіне апарып жасырған. 90 000 теңгеге жуық ақшасын өзінің қажеттілгіне жаратып үлгерген. Тәртіп сақшылары күдікті азаматтың үйінен ұрланған ақшаны айғақты зат ретінде тәркілеп алып, заңды иесіне қайтарды. Қазіргі таңда тергеп-тексеру амалдары жүргізілуде. Күдіктінің бас шарасы «қолхатта».
Түркістан облысы полицейлері азаматтарға бағалы заттарыңызға, ақшаларыңызға сақ болыңыздар деп ескертеді. Мүмкіндігінше ірі көлемдегі ақшаларыңызды мықтылап бекітілген сейфте сақтауға кеңес береді. Сондай-ақ, ұқыпсыздыққа жол бермеңіздер. Қажетінше аулаларыңызға, жұмыс орындарыңызға бейнебақылау камераларын орнатып, сейфтеріңізбен, сөмкелеріңіздің, қалталарыңыздың ауыздарын жауып жүріңіздер.