Жетісайлық полицейлер 100 жастағы әжейді мерекемен құттықтады
Жетісайлық полицейлер 100 жастағы әжейді мерекемен құттықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Халықаралық Қарттар күні мерекесіне орай, Жетісай АПБ кадр саясаты тобының аға инспекторы Ғабит Айтымбетов және Жетісай АПБ көші-қон қызметі бөлімшесінің аға инспекторы Қанат Жұрқабаев өзгелерге үлгі боларлық шара ұйымдастырды. Яғни, Жетісай ауданының ең қарт тұрғыны, бір ғасыр өмір сүрген ақжаулықты әжейдің шаңырағына арнайы барды. Күләй Шонбасқызын мерекесімен құттықтап, гүл шоқтары мен сыйлықтарын табыстады.
Негізінде қарт әжеміз бес ұл үш қыз тәрбиелеп, өсірген көп балалы ана. Бүгінгі таңда олардан 53 немере, 32 шөбере, үш шөпшек сүйіп отырған аяулы ана. 100 жасқа қадам басқан анамыз мерекемен құттықтап келген тәртіп сақшыларына алғысын білдірді.
– Балаларым сендерге менің жасымды берсін, үбірлі-шүбірлі болыңдар. Жұмыстарыңда тек биіктен көрініңдер. Алғандарың алғыс болсын. Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын!, – деп ақ батасын берді.
Түркістан облысының полицейлері қарттарымыздың хал-жағдайларын біліп, құрметтеуді әдетке айналдырған. Бұл бағыттағы жұмыстар тек мереке күндері емес жыл бойына жалғасын табады.