Жетісу облысында 1-сынып оқушылары үшін танымдық іс-шара ұйымдастырылды
Жетісу облысында 1-сынып оқушылары үшін танымдық іс-шара ұйымдастырылды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері жол қауіпсіздігін насихаттау мақсатында “Жас жол инспекторлары” жасақтарымен бірлесіп, мектеп табалдырығын алғаш аттаған 1-сынып оқушылары үшін танымдық іс-шара ұйымдастырды.
Іс-шара барысында бүлдіршіндерге жол қозғалысы ережелері түсіндіріліп, жол белгілері мен бағдаршам талаптары таныстырылды. Полиция қызметкерлері балаларға жолды қауіпсіз кесіп өту тәртібін көрсетіп, көшеде сақтық шараларын сақтау қажеттігін түсіндірді.
Шараның ерекше сәтінде 1-сынып оқушылары салтанатты түрде жаяу жүргіншілер қатарына қабылданып, жол қозғалысы ережелерін сақтауға және қауіпсіздік талаптарын бұзбауға ант берді.
Балалар жаяу жүргінші ретінде өз жауапкершіліктерін сезініп, жол қауіпсіздігі ережелерін әрдайым сақтауға уәде берді.
Полиция қызметкерлері балалардың жолдағы қауіпсіздігі ең алдымен ересектердің назарында болуы тиіс екенін атап өтіп, ата-аналарды балаларға жол қозғалысы ережелерін күнделікті түсіндіріп, жеке үлгі көрсетуге шақырды.
