Жетісу облысында есірткі қойып кетуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды
Жетісу облысында есірткі қойып кетуші 10 жылға бас бостандығынан айырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 жастағы есірткі сатушы бірнеше ай бұрын Көксу ауданында Алматы – Өскемен автожолында ұсталған болатын. Жеке тексеру, сондай-ақ күдіктінің тұрғылықты жері бойынша санкцияланған тінту кезінде 2,5 келіден астам түрлі синтетикалық есірткі табылып, тәркіленді.
Ұсталған азаматтан әртүрлі буып-түйгіш материалдар, таразылар, зип-пакеттер және т.б. табылды.
Белгілі болғандай, жас жігіт желіде синтетикалық есірткіні қойып кетуші ретінде «жұмыс істеп», оны Талдықорған қаласы мен оның маңында сатқан.
– Қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық соттың шешімімен күдікті ҚР ҚК-нің 297-бабы үшінші бөлігінің 1, 2, 3, 5-тармақтарында (Есірткі, психотроптық заттарды, сол тектестерді өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, иемдену, сақтау, тасымалдау, жөнелту не өткізу) көзделген қылмыстық құқық бұзушылық жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Сотталушы 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасын қатаң режимдегі қылмыстық-атқару жүйесінің мекемелерінде өтейді, – деді Жетісу облысы ПД есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының бастығы Мұрат Жұмабаев.
Биыл облыстық полиция қызметкерлері есірткі қылмысына қатысты 60 күдіктіні ұстап, заңсыз айналымнан 30 келіден астам түрлі есірткіні тәркіледі.