Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағандылық полицейлер мен мұғалімдер жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу мәселелерін талқылады

Қарағанды облысының ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов пен білім басқармасының басшысы Гүлсім Қожахметова кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша жұмыс кеңесін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Шара Қарағанды қаласындағы Абай атындағы мектеп-гимназиясында өтті. Оған облыстық полиция департаментінің бөлім басшылары, аумақтық полиция департаменттері бастықтарының орынбасарлары, учаскелік полиция аға инспекторлары, оқу орындарының басшылары қатысты.

Арнайы қызметтерге көрінеу жалған қоңырау шалумен байланысты құқық бұзушылықтардың алдын алу, нашақорлықтың, жол-көлік оқиғаларының алдын алу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз үйлерінен тыс жерде және ойын-сауық мекемелерінде болуына жол бермеу мәселелері бойынша өзара іс-әрекеттері қаралды.

– Сәуір айында Қарағанды мен Теміртау қалаларының көптеген мектептерінде жарылғыш заттар қойылғаны туралы хабарламалар келіп түсті. Бұл іс-шараларға көптеген полиция күштері мен құралдары тартылды. Бұл ауыр қылмыс және оған қылмыстық кодексте ауыр жаза қарастырылған. Өкінішке орай, бізде кәмелетке толмағандар арасында есірткіге байланысты қылмыстар жиі тіркелетінін мойындауымыз керек. Оқушылармен және студенттермен жұмыс істеу қажетті ақпаратты тікелей жеткізіп, қауіпті салдардың алдын алуға мүмкіндік береді, – деді Құрманғали Ысмағұлов.

Бұл ретте облыстың ПД бейіндік бөлім басшыларының орынбасарлары өз баяндамаларында осы немесе басқа тақырыпты жан-жақты баяндады. Осылайша, кәмелетке толмағандар жасаған бөтеннің мүлкін ұрлау деректеріне назар аударылды. Оның үстіне олардың орташа жасы 15-17 жас. Жазғы демалыс қарсаңында жол-көлік қозғалысы тәртібіне қатысты мәселелер бар. Ал балалар ең осал жол қозғалысына қатысушылар. Ал оқушылар мен студенттер арасында жолдарда өзін-өзі ұстау ережелерін елемеудің салдарларының қаупі алдын алу шараларын жүргізуді ерекше талап етеді.

Әрбір талқыланған тақырып бейнероликпен, полиция қызметкерінің түсіндірмесімен көркемделді.

– Біз облыстың ПД-мен тығыз ынтымақтастыққа мүдделіміз. Жазғы каникулдың соңында қайтадан бас қосып, қорытындысын шығарамыз, – деді Гүлсім Қожахметова.

– Аталған шараның барлық материалдары мен бейнероликтері облыстық білім басқармасына беріледі. Сондай-ақ аумақтық бөлімдерге жіберіледі. Оқу жылы аяқталмай тұрып оқу орындарының өкілдері мекемелерде осындай шараны әр сыныпта барлық оқушыларды қамтып өткізсе, құптарлық болар еді, – деп түйіндеді сөзін облыстық ПД бастығының бірінші орынбасары Құрманғали Ысмағұлов.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру