Жетісу облысында істі болған азамат ұрланған тауармен мерекелік дастархан жайған
Үштөбе қаласының дәмхана иесі полиция қызметкерлеріне ұрлықты жедел ашып, тәтті тағам мен ішімдікке құмар ұрыны ұстағаны үшін алғысын білдірді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жуық арада Қаратал ауданының полицейлеріне Үштөбе қаласының 52 жасар тұрғыны өзіне тиесілі кафеден ақша, азық-түлік пен алкогольдік ішімдіктер ұрланғанын мәлімдеді. Бір тәулік ішінде күдікті анықталды. Ол бұрын кісі өлтіргені үшін 10 жылдан астам қамауда отырып шыққан, 34 жастағы ер адам болып шықты. Белгілі болғандай, ер адам кафеден 12 торт, 4 бөтелке қызыл және ақ шарап, 1 шампан, 1 арақ, 5 шырын, 5 энергетикалық және 7 газдалған сусынды ұрлаған, шығынның жалпы сомасы 70 мың теңгеден асады.
– Факт бойынша іс жүргізу полиция қызметкерлері Заңғар Әлімбаев пен Марат Керімбаевқа тапсырылды. Олар күдіктіні ұстап, аудандық полиция бөліміне жеткізді. Ер адам қазір қамауға алынды. Тергеу ҚР ҚК-нің 188- бабы (Ұрлық) бойынша жүргізіліп жатыр, – деп хабарлады Қаратал аудандық полициясы.
Жәбірленушіге келтірілген шығын толығымен өтелді. Ол полиция қызметкерлеріне адал қызметі үшін шынайы алғысын білдірді.