Жетісу облысында құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіру дерегі анықталды
Жетісу облысында табиғи ресурстарды заңсыз пайдаланудың жолын кесуге бағытталған рейдтік іс-шара барысында құм-қиыршық тас қоспасын заңсыз өндіру фактісі анықталды, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаментінің табиғатты қорғау полициясы Ескелді аудандық полиция бөлімінің қызметкерлерімен бірлесіп, Қаратал өзенінің арнасында рейд жүргізді.
Тексеру кезінде табиғи материалды заңсыз өндіру және тиеу фактісі белгілі болды. Оқиға орнында құм-қиыршық тас қоспасын өндіруге пайдаланылған арнайы техника, оның ішінде трактор-тиегіш ұсталды.
Аталған дерек бойынша қажетті материалдар жинақталып, қолданыстағы заңнамаға сәйкес тиісті шешім қабылдау үшін уәкілетті органдарға жолданады.
Полиция табиғи ресурстарды заңсыз өндіру қоршаған ортаға елеулі зиян келтіріп, заңнамада белгіленген жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
"Заң және тәртіп" қағидатын іске асыру аясында полиция қызметкерлері мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесіп, экологиялық құқық бұзушылықтардың алдын алу және олардың жолын кесу бағытындағы жұмыстарды жалғастыруда.
Табиғи ресурстарды заңсыз пайдалануға жол бермеуге бағытталған рейдтік және профилактикалық іс-шаралар алдағы уақытта да тұрақты түрде жүргізіледі.
