Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жетісу полицейлері Бұрхан-бұлақ сарқырамасын бағындырды

Жетісу сақшылары полиция күні қарсаңында Бұрхан-бұлақ сарқырамасын бағындырды, — деп хабарлайды Polisia.kz.

Қазақстан полициясы күні қарсаңында Жетісу облысы полиция департаментінің қызметкерлері Қазақстандағы ең биік сарқырама – Бұрхан-бұлаққа жорық жасап, табиғаттың ғажайып туындысын бағындырды.

Бағыт Ескелді ауданының көркем өлкелері мен Жоңғар Алатауының асқақ таулары арқылы өтті. Бұрхан-бұлақ еліміздің табиғи жауһарларының бірі болып саналады. Төрт сатылы сарқыраманың жалпы биіктігі 168 метрге жетсе, көзге көрінетін бөлігі 114 метрді құрайды.

Күрделі соқпақтарды еңсере отырып, тәртіп сақшылары өздерінің жоғары дене дайындығын ғана емес, күнделікті қызметте аса маңызды саналатын төзімділік, өзара қолдау, жауапкершілік және біртұтас команда болып әрекет ету секілді қасиеттерін де айқын көрсетті.

Жорыққа қатысушылар межелі жерге жетіп, айбынды сарқыраманың етегінде ерлік пен табандылықтың, халыққа адал қызмет етудің символына айналған “Арлан” полиция спорт клубының туын көтерді.

Мұндай іс-шаралар қызметкерлер арасындағы ауызбіршілік пен командалық рухты нығайтып, мінездің беріктігін қалыптастырады. Сондай-ақ антқа адалдықтың тек қызмет барысында ғана емес, кез келген қиындықты бірге еңсеруге деген ұмтылыстан көрінетінін тағы бір мәрте айғақтайды.

Кәсіби мереке қарсаңында Бұрхан-бұлақты бағындырған Жетісу полицейлері қоғамға қызмет ету жолын таңдаған жандар үшін алынбайтын асу жоқ екенін тағы да дәлелдеді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру