Жетісуда "Жас сақшы" сынып оқушылары мергендік қабілеттерін сынады
Жетісу облысында өскелең ұрпақты тәрбиелеуге, балалардың полиция қызметіне деген қызығушылығын арттыруға және олардың бойында тәртіп пен жауапкершілік қасиеттерін қалыптастыруға ерекше көңіл бөлінеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жетісу облысы полиция департаменті арнайы және кәсіби даярлық басқармасының қызметкерлері "Жас сақшы" кадеттеріне атыс даярлығы бойынша оқу-жаттығу сабағын өткізді.
Сабақ мамандандырылған атыс тирінде ұйымдастырылды. Тәжірибелі полиция қызметкерлерінің жетекшілігімен жас қатысушылар оқу қаруын қауіпсіз қолданудың негізгі талаптарымен, атыс шебіндегі тәртіп ережелерімен және жаттығуларды орындау тәртібімен танысты.
Практикалық бөлімде балалар арнайы оқу қаруынан пластикалық шариктерді пайдалана отырып, нысанаға көздеп атуды орындады. Осылайша оқушылар өздерінің дәлдігі мен мергендігін сынап қана қоймай, алған теориялық білімдерін тәжірибе жүзінде бекітуге мүмкіндік алды.
Полиция қызметкерлері үшін мұндай кездесулер — жай ғана оқу сабағы емес. Бұл — балалармен өз тәжірибесімен бөлісіп, полиция мамандығын сөзбен емес, нақты іс-әрекет арқылы таныстыруға, сондай-ақ жас "Жас сақшы" сынып оқушыларына болашақ мамандығына алғашқы қадам жасауға бағыт-бағдар беруге мүмкіндік беретін маңызды кездесу.
