Жетісуда жас жол инспекторларының облыстық слеті қорытындыланды
Жетісуда жас жол инспекторларының облыстық слеті қорытындыланды, — деп хабарлайды Polisia.kz.
Талдықорған қаласында Жетісу облысы полиция департаменті мен облыстық білім басқармасы бірлесіп ұйымдастырған жас жол инспекторларының екі күндік облыстық слеті өз мәресіне жетті.
Іс-шараға облыстың аудан-қалаларында өткен іріктеу кезеңдерінің жеңімпазы атанған 10 команда қатысты. Екі күн бойы 70-ке жуық оқушы жол қозғалысы ережелері бойынша білімдерін, жолдағы қауіпсіз мінез-құлық дағдыларын, саптық дайындықтарын, жол қозғалысын реттеу және алғашқы медициналық көмек көрсету шеберліктерін көрсетті.
Слеттің екінші күні команда жетекшілері арасында ашық сабақтар байқауы ұйымдастырылды. Педагогтер оқушылардың жол қауіпсіздігі мәдениетін қалыптастыру бағытындағы тәжірибелерімен бөлісіп, заманауи оқыту әдістерін таныстырды.
Сонымен қатар қатысушылар автодромда велосипед жүргізу сайысында бақ сынап, жол қозғалысы ережелерін тәжірибе жүзінде қолдана білетіндіктерін дәлелдеді.
Слет қорытындысы бойынша: І орынды Көксу ауданының командасы иеленді; ІІ орын Талдықорған қаласының командасына бұйырды; ІІІ орынды Сарқан ауданының командасы жеңіп алды.
Жеңімпаздар мен жүлдегерлер грамоталармен, кубоктармен және ақшалай сертификаттармен марапатталды.
Мұндай іс-шаралар жасөспірімдердің жол қозғалысы қауіпсіздігі саласындағы білімін арттыруға, заңға құрметпен қарауға тәрбиелеуге, жауапкершілік сезімін қалыптастыруға және балалардың қатысуымен болатын жол-көлік оқиғаларының алдын алуға бағытталған маңызды профилактикалық жұмыстардың бірі болып табылады.
Облыстық слет оқушылардың жол қауіпсіздігі мәдениетін нығайтуға, педагогтердің тәжірибе алмасуына және жас жол инспекторлары қозғалысын кеңінен насихаттауға мүмкіндік берді.
