Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жол қауіпсіздігі: полиция мен кикшеринг қызметтері арасындағы кезекті диалог

Алматы қаласы полиция департаментінде кикшеринг компанияларының өкілдерімен жұмыс кездесуі өтті, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Кездесу барысында жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, электр самокаттарды пайдалану тәртібін реттеу, сондай-ақ жеке мобильділік құралдарын пайдаланушылардың мәдениеті мен жауапкершілігін арттыру мәселелері қаралды.

Жиын барысында жол қозғалысы ережелерін бұзу деректері, электр самокаттардың тротуарларда орынсыз қозғалысы, белгіленген жылдамдық режимін сақтамау және оларды арнайы тұрақ орындарынан тыс жерлерге бейберекет қалдыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Мұндай жағдайлар жаяу жүргіншілерге қолайсыздық туғызып қана қоймай, олардың өмірі мен қауіпсіздігіне де елеулі қауіп төндіретіні атап өтілді.

Алматы қаласы полиция департаменті бастығының орынбасары Ғалым Сарғұлов жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету кешенді әрі жүйелі тәсілді талап ететінін атап өтті:

- Бүгінде кикшеринг қалалық мобильділіктің ажырамас бөлігіне айналды. Дегенмен, сонымен қатар жаңа сын-қатерлер де туындауда. Біздің негізгі міндетіміз – қала жолдарындағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету. Осыған байланысты біз сервистік компаниялардан пайдаланушыларға бақылауды күшейтуді, заманауи технологиялық шешімдерді енгізуді және құқық бұзушылықтардың алдын алу жұмыстарын жандандыруды күтеміз, – деді ол.

Кездесу барысында электр самокаттарына арналған арнайы тұрақ аймақтарын кеңейту және оларды тротуарларда, жол бөлігінде, жаяу жүргіншілер өткелдерінде бейберекет қалдыруға жол бермеу қажеттігі де сөз болды.

Сонымен қатар пайдаланушылардың жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау маңыздылығы және жеке мобильділік құралдарының техникалық жай-күйіне бақылауды күшейту мәселесі көтерілді. Тек техникалық талаптарға сай, тиісті тексерістен өткен самокаттар ғана пайдалануға жіберілуі тиіс екені атап өтілді.

Бұдан бөлек, өрескел құқық бұзушылықтар анықталған жағдайда, оның ішінде бейберекет тұраққа қою немесе қозғалысқа кедергі келтіру фактілері бойынша электр самокаттар, электр велосипедтер және электр мопедтер арнайы айып тұрағына қойылып, құқық бұзушылар қолданыстағы заңнамаға сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылатыны ескертілді.

Кездесу қорытындысы бойынша тараптар өзара іс-қимылды күшейтуге, құқық бұзушылықтарды анықтау және алдын алу тетіктерін жетілдіруге, сондай-ақ кикшеринг қызметтерін пайдаланушылар арасында жол қозғалысы мәдениеті мен қауіпсіздігін арттыруға бағытталған ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын жалғастыруға уағдаласты.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру