Жолда көліктің терезесінен шығып отырған баланың ата-анасына айыппұл салынды
Әлеуметтік желіде кәмелетке толмаған балалардың жолда автокөліктің терезесінен шығып отырған видеолары таралған еді. Ата-аналарына айыппұл салынды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кәмелетке толмағандардың жүріп келе жатқан көліктің терезесінен шығып тұрған видеосы Instagram әлеуметтік желісінде таралды. Бейне бойынша тексеру жүргізілді.
Екі бала жолда келе жатқан «BMW» автокөлігінің терезесінен шыққан, сонымен қатар, балалардың біреуі алдыңғы жолаушылар орындығында отырған. Бұл оқиға Ақсу қаласында орын алған.
Басқа факті Павлодар қаласында орын алды. «Тойота» автокөлігінің терезесінен кәмелетке толмаған екі қыз шыққан. Көлік жүргізушісі – балалардың 39 жастағы анасы.
Жол ережесін бұзғаны үшін жүргізушілерге қатысты ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 593-бабының 1-бөлігі (жолаушылар мен жүктерді тасымалдау, жол қозғалысы ережелерінде көзделген қауіпсіздік белдіктерін немесе мотошлемдерді пайдалану бойынша талаптарды сақтамау) бойынша әкімшілік хаттамалар жасалды.
5 АЕК айыппұл салынды. Сондай-ақ, жүргізушілермен ЖҚЕ қатаң сақтау бойынша профилактикалық әңгіме жүргізілді.Мұндай бұзушылықтар қайғылы салдарларға әкелуі мүмкін.