Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жұмыс берушісінің тракторын айдап кеткен түркістандық қамауға алынды

Түркістан облысында жұмыс берушісінің тракторын айдап кеткен тұрғын қамалды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Бәйдібек аудандық полиция бөліміне жергілікті тұрғын арызданды. Ер адамның айтуынша, оның Жамбыл ауылының батыс беткейінде орналасқан жеке меншік мал қорасында тұрған “МТЗ 80” тракторын өзінің шаруашылығында жұмысшы болып істейтін ер адам рұқсатсыз айдап кеткен.

Жәбірленуші көлігі жоқ болған сәттен іздеуге кіріскен, алайда таба алмаған. Ал жұмысшысымен мүлдем байланыса алмаған. Аталған жайтты полицейлер бірден ҚР ҚК-нің 200-бабы (Автомобильді немесе өзге де көлік құралын жымқыру мақсатынсыз құқыққа сыйымсыз иеленіп алу) бойынша тіркеуге алды. Жәбірленушіге келтірілген шығын көлемі төрт миллион теңгені құрады.

Ақпарат түсісімен бәйдібектік тәртіп сақшылары шұғыл іздестіру шараларын бастап кетті. Куәлардан сұрастырды. Көліктің бағытымен іздеуді жалғастырды. Нәтижесінде, оқиға орнынан 130 шақырым қашықтықтан иесіз тұрған тракторды анықтады. Ал күдікті ретінде төлебилік тұрғынды анықтап, оны Шымкент қаласынан ұстады. Тексеру кезінде күдіктінің бұрында өзгенің көлігін айдап кеткені үшін қылмыстық жауапкершілікке тартылғаны расталды.

Белгілі болғандай, ұсталған адам заңсыз әрекет жасаған сәтте мас халде болған. Содан барар жеріне ертерек жету мақсатында өзгенің тракторын мініп кеткен. Қазіргі таңда тергеу амалдары жалғасуда. Күдікті қамауға алынды.

Түркістан облысының полицейлері осындай көлік ұрлығы қылмысын болдырмау үшін көліктерін бейнекамерамен жабдықталған, жарықтанған автотұрақтарға қою керектігін ескертеді. Ал автокөліктерге құжаттарды, үй кілтін, бағалы заттарды қысқа уақытқа болса да тастап кетуге болмайтынын жеткізеді. Егер сіз қылмыстық оқиғаның немесе ұрлықтың куәсі, құрбаны болсаңыз, полицияның “102” нөміріне жедел түрде қоңырау шалыңыз.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру