Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Жұмыс қарқыны күшейді

Қарағанды облысында төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзған үш тұрғын анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Елімізде орнаған төтенше жағдайға байланысты көптеген іс-шараларға шектеу қойылғаны белгілі.

7 сәуірден бастап Қарағанды облысының аумағында ерекше карантин режимі орнатылып, карантинді сақтау талаптары одан сайын күшейтілген болатын. Осыған байланысты полиция қызметкерлерінің дамылсыз жұмысы үдей түсті.
7 сәуірден бастап республиканың аумағында “Есептегі тұлға” жедел алдын алу шарасы да басталып кеткен. Бұл шараның басты мақсаты –  есепте тұрған тұлғалармен жасалатын қылмыс пен құқық бұзушылықтардың алдын алу, болдырмау және жолын кесу болып табылады. Осы республикалық алдын алу шарасымен бірге тәртіп сақшылары төтенше жағдайға байланысты орнаған ерекше режимнің сақталуын да жіті қадағалауға алды.
“Есептегі тұлға” жедел алдын алу шарасының алғашқы күні еріктілер мен бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері полиция қызметкерлерімен бірге шығып, жұмыстың жүргізілу барысымен танысып қайтқан болатын. Осы шара кезінде Қарағанды қаласының ПБ Октябрь полиция бөлімі қызмет көрсететін аумақта қорғау ұйғарымының талаптарын бұзған бір азамат анықталды. Осыған дейін бұл азаматқа қатысты соттың шешімімен қорғау ұйғарымы шығарылған екен, алайда ішімдік ішкен құқық бұзушы бұрынғы әдетіне басып, отбасында жанжал шығарған. Ендігі бұл азаматқа қатысты қатаңдатылған жаза қолданылады.

Октябрь ауданының аумағында төтенше жағдай режимінің талаптарын бұзған үш тұрғын анықталды. ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 476-бабына сәйкес әкімшілік хаттама толтырылып, соттың шешімімен бұл тұлғалар 3,5 және 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынған.

Осындай фактілер Оңтүстік-шығыс полиция бөлімінің аумағында да орын алған. Қарағанды қаласынан шығаберістегі “Соқыр” бұғаттау бекетін айналып өтпек болған үш ер адам анықталды. Бірі жұмысқа бара жатқанын айтып ақталса, екіншілерінің Балқаш қаласына дейін жаяу шықпақ ниеті болған екен. Бұл тұрғындарға да әкімшілік заңнама шеңберінде хаттама толтырылып, барлығы 10 тәулікке әкімшілік қамауға алынды.

Заң барлығына бірдей болғандықтан, талаптарды қатаң сақтауға әрбір азамат міндетті. Төтенше жағдайға байланысты енгізілген режимді халық денсаулығына байланысты жасалып отырған шара.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру