Жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мас күйде өзгенің көлігін айдап кеткен
Алматы облысында 7 жылға жүргізуші куәлігінен айырылған азамат мас күйде өзгенің көлігін айдап кетіп, жол-көлік оқиғасын жасады. Полиция күдікті азаматты ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс орталығының полицейлері тоқтап тұрған көлікпен соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасаған 43 жастағы жергілікті тұрғынды ұстады. Тексеру барысында соқтығысуға себепкер болған жүргізушінің мас күйінде болғаны, сонымен қатар осыған ұқсас құқық бұзушылық жасағаны үшін 7 жылға көлік жүргізу құқығынан айырылғаны анықталды.
– Қазіргі таңда Қонаев қалалық полиция басқармасында көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және алкогольдік масаң күйде көлік құралын басқару, сонымен бірге көлікті айдап кету фактілері бойынша екі қылмыстық іс қозғады. Ұсталған азамат заңнамада белгіленген тәртіпке сәйкес уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды. Тергеу жалғасып жатыр, – деп атап өтті Алматы облыстық ПД.