Жыл басынан ақтөбелік полицейлерге 10 жалған хабарлама түсті
Ақтөбе облысының Полиция департаменті жалған хабарламалар үшін жауапкершілік туралы ескертеді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Полиция департаментінде ағымдағы жылдың басынан бері терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлаудың 10 фактісі тіркелді. ҚР Қылмыстық Кодексінің 273-бабына сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлау бес жылға дейін бас бостандығынан айыруға әкеп соғады.
Мысалы, сәуір айында 102 пультіне белгісіз ер адамнан Ақкемир станциясында темір жол вокзалына салынған бомба туралы хабарлама келіп түсті. Шақыру орнына барлық шұғыл қызметтер дереу шықты. Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде Мұғалжар ауданы Ақкемір бекетінің 31 жастағы тұрғыны ұсталды.
Сот шешімімен құқық бұзушы түзеу мекемесінде бір жылға бас бостандығынан айырылды.
Айта кету керек, ұсталған азамат қылмыс жасаған кезде мас болған.
Естеріңізге сала кетейік, мұндай құқық бұзушылықтар елеулі қоғамдық резонанс тудырады және көбінесе жалған хабарламалардың себебі-мас күйінде жасалған ересектердің бұзақылығы немесе кәмелетке толмағандардың қасақана жасаған әрекеттері.
Сондай-ақ, Қазақстан Республикасының қылмыстық заңнамасына сәйкес қылмыс жасалған уақытта 14 жасқа толған адамдар ҚР Қылмыстық кодекстің 15-бабының 2-бөлігіне сәйкес терроризм актісі туралы көрінеу жалған хабарлағаны үшін қылмыстық жауаптылыққа жататынын атап өту қажет.
Сонымен қатар, мемлекеттік қызмет органдарын жалған шақырғаны үшін кәмелетке толмаған құқық бұзушылардың ата-аналары ҚР ӘҚБтК-нің 438-бабына сәйкес 15 АЕК мөлшерінде айыппұл түрінде жауапкершілікке тартылуы мүмкін.