СҚО полицейлері жолда қалып қойған көлік жүргізушісі мен жолаушыларына көмектесті
СҚО полицейлері жолда қалып қойған көлік жүргізушісі мен жолаушыларына көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.
9 қазан күні сағат 22:00-де Челябі — Новосібір автожолының 606 шақырымында Новотроицк ауылының маңында СҚО ПД патрульдік полиция батальонының қызметкерлері Азамат Таласбаев пен Сергей Михайленко тоқтап тұрған KIA автокөлігін байқаған. Көліктің ішінде Омбы қаласының бес тұрғыны болған. Олар Бурабай курортындағы демалыстан келе жатқан. Жолда алдыңғы сол жақ доңғалағы жарылған. Ресей азаматтары бейтаныс жерде қиын жағдайға тап болып, байланыссыз қалған.
Полицейлер мәселені жылдам шешті. Олар жүргізушіні көлігімен бірге аудан орталығы Булаевқа жеткізіп, шина жинақтау шеберханасының иесімен хабарласты. Ол түннің бір уағына қарамастан, өтінішке құлақ асып, доңғалақты жөндеп берді. Тәртіп сақшылары ресейлікті көлігіне жеткізіп салды. Қазақстанға келген қонақтар кейін сапарын жалғастырды.
– Жүргізушілердің назарына, алыс жолға шықпас бұрын көлік құралының техникалық жағдайын мұқият тексеру керек. Өзімен бірге қосалқы доңғалақ, қажетті құрал-жабдықтар алып, байланыс құралының сенімділігіне көз жеткізген жөн. Күннің суытуына байланысты жыл киімдерді алып жүрген де маңызды. Жолда түрлі жағдайлар орын алатынын естен шығармаған жөн. Қырағылық танытып, ЖЖЕ қатаң сақтау керек, – дейді ПД ППБ командирінің орынбасары Уәлихан Оразалин.