СҚО полициясының музейі халықаралық байқауда жүлделі орынды иеленді
СҚО полициясының музейі халықаралық байқауда жүлделі орынды иеленді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
СҚО Полиция департаментінің музейі “Музейлер Жеңіс туралы” атты экспозициялар жайлы халықаралық бейнероликтер байқауына қатысты. Музей сақтаушылары Любовь Осинская мен Нина Бенграф СҚО ПД Ішкі және сыртқы коммуникациялар бөлімінің бас маманы Ерлан Махметовпен бірлесіп Ұлы Отан соғысы майдандарында соғысқан солтүстікқазақстандық ішкі істер органдарының қызметкерлері туралы бейнеролик дайындады. Ұрыс даласында 700-ден астам қызметкер болды. 4 минуттық бейнероликте авторлар соғыстан кейін қазіргі Қызылжар ауданында учаскелік инспектор болған, бүгінде көшелердің біріне есімі берілген мерген Лекер Шаймергенов, Рейхстаг қабырғасына атын жазып кеткен кадрлық әскери қызметкер болған Василий Аксенов және ведомствоның басқа да майдангерлері туралы айтты.
Байқауға барлығы 130-дан астам бейнеролик қатысты. Бірінші және екінші орынды бірегей мемориалдық кешендер туралы бейнероликтер иеленді. Олардың бірі Брянск облысындағы Хацунь ауылының жазалаушылар атып өлтірген тұрғындарын, екіншісі Керчь қаласындағы Аджимушкай карьерлерінің қорғаушыларын еске алуға арналған. Бай тарихи материалдың ерекше етіп берілуі Солтүстік Қазақстан полициясының музейіне құрметті үшінші орынды алуға мүмкіндік берді.
– Осындай көлемдегі байқауда жеңіске жету – әр жылдары музейге майдангер-милиционерлердің марапаттарын, жеке құжаттары мен заттарын тапсырған адамдардың еңбегі. Бірегей экспонаттар – музейіміздің мақтанышы. Олар жас қызметкерлердің патриоттық тәрбиесіне ықпал етеді, оларға отты жылдарды сезініп, көруге мүмкіндік береді, сондай-ақ, Отанға табанды қызмет еткен аға ұрпақтың жанқиярлық ерліктері үлгі болып қалмақ, – дейді мұражай меңгерушісі Любовь Осинская.