Қызылордадағы түзеу мекемесінде «Қақпа алдында кездесу» іс-шарасы ұйымдастырылды
Қызылордадағы түзеу мекемесінде «Қақпа алдында кездесу» іс-шарасы ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz
Абайсызда немесе қасақана жағдайда қылмысқа барып, жазаға тартылған сотталған азаматтардың босатылғаннан кейін олардың қоғамға қайта бейімделуі үшін «Қақпа алдындағы кездесу» шарасының маңызы өте зор.
Қызылорда облысы бойынша ҚАЖ департаментінің №37 мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталған Б. жаза мерзімінің аяқталуымен мекемеден босап шықты. Осыған орай мекемеде «Қақпа алдындағы кездесу» іс-шарасы ұйымдастырылды.
Шараға Қызылорда облыстық Әлеуметтік бейімдеу орталығының мамандары, Қызылорда қалалық пробация қызметінің қызметкерлері және мекеменің тиісті сала қызметкерлері қатысты. Кездесу барысында сотталғанға босатылғаннан кейін жұмыспен қамту, кепілді медициналық көмек, құқықтық көмек, пробациялық бақылап-қадағалау мәселелері бойынша құқықтық түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Шара аясында қажетті ақпараттарды алған сотталған азамат мекеме әкімшілігіне және келген мамандарға өз ризашылығын білдірді.
Сотталғанды заң талаптарына сай мекеме әкімшілігі жол қаражатымен қамтамасыз етіп, мекеменің тәрбие бөлімінің қызметкерлері жеке куәлігі мен жол парағын беріп, автобекеттен шығарып салды.
– Бүгін мен үшін қуанышты күн. Өйткені отбасыма, балаларыма оралғалы тұрмын. Мекемеде жазамды өтей жүріп, бостандықтың қадірін түсіндім. Ендігі жерде балаларыма дұрыс тәрбие беріп, жақсы азамат етіп шығаруға бар күшімді саламын. Бүгінгі шарадан сала мамандарынан ақпарат алдым, жұмысқа орналасу, әлеуметтік-құқықтық көмектер алу үшін қай жерге баруға болатынын білдім, – деді түрмеден босап шыққан азамат.