Ақмола облысында полиция қызметкерлері жолда қалған жүргізушіге көмектесті
Ақмола облысында полиция қызметкерлері жолда қалған жүргізушіге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz
«Курочка Ряба» сауда белгісімен танымал CAPITAL Projects LTD құс фабрикасының қызметкері Әбдірахым Бекназаров ақмола полицейлеріне жолдағы көмегі үшін алғысын білдірді.
Осы жылдың 20 қарашасында құс фабрикасының 55 жастағы жүргізушісі тауар тиелген MAN жүк көлігімен Арқалық қаласынан Екатеринбург – Алматы автотрассасы бойынша елордаға жүріп бара жатты. Жолда республикалық автожолдың 962-шақырымында жанармайдың қатып қалуына байланысты көлік істен шыққан. Дәл осы уақытта жол қозғалысын қадағалап жүрген патрульдік полициясы батальонының қызметкерлері жүргізушіні көріп, көмекке келді.
Полиция қызметкерлері Райымбек Сәбитов пен Дархан Мәжитов көлік жолдың жүріс бөлігінде тоқтап қалғандықтан жол қызметін шақырып, авариялық аялдама туралы белгіні қойып, жүргізушіге көмек көрсете бастады. Көлік бірнеше сағатта жөнделіп, Астана қаласына қарай жүруді жалғастырды.
Тәртіп сақшыларының жауапкершіліктеріне риза болған жүргізуші полиция қызметкерлеріне алғысын білдіріп, қызметте одан әрі табыстар мен өсуді тіледі.