Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Атырау полицейлері мен жедел жәрдем қызметінің басшылығы меморандумға қол қойды

Атырау полицейлері мен жедел жәрдем қызметінің басшылығы меморандумға қол қойды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Атырау облысы аумағында жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында оқыс оқиғалар орын алғанда ең бірінші болып көмекке келетін сала мамандары өзара ынтымақтастық меморандумға қол қойды. Мақсат – жол қауіпсіздігін жандандыруда әлеуметтік желіде белсенді оқырмандарға ақпарат тарату, жол-көлік оқиғаларының алдын алу.

Атырау облысында жыл басынан бері 326 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 89 адам қаза тауып, 391 адам түрлі дене жарақатын алды. Жол апаты болғанда алғашқы болып көмекке келетін жергілікті полиция қызметінің патрульдік полиция инспекторлары мен жедел жәрдем қызметі мамандарының айтуынша, қызмет барысында ең бірінші мақсат – көмектесу, одан кейін уақыттан ұтылмау, бәрінен де ең тиімдісі ешкімнің зардап шекпеуі.

– Жол-көлік оқиғалары ең бірінші орын алғанда куәгерлер телефонға түсіреді, түрлі жалған ақпараттар да тарап жатады. Жол апатының жәбірленушілерінің түрлерін де түсіріп жіберетін жайттар аз емес. Мұндай жағдай туысқандары мен жақындарына моральдық тұрғыда өте ауыр екенін ескермей отырмыз. Осы орайда аталған меморандум шеңберінде халықты уақытылы ақпараттандырып қоймай, профилактикалық іс-шараларды жандандыруға ықпал етуге тырысамыз, – деді Атырау облысы Полиция департаменті Жергілікті полиция қызметі басқармасының бастығы Ерлан Биғамбаев.

– Бүгінгі ынтымақтастық аясында тараптар өздерінің осы күнге дейін де, одан әрі де атқарып жүрген қызметтерін тағы да дамыту үшін жұмыс істейді. Жедел жәрдем қызметінде шын жанашыр мамандар қызмет етеді, тәуліктің барлық уақытында жәрдемге келуге дайын тұрады. Дегенмен, қазіргі күрделі тақырыптардың бірі – жол-көлік оқиғаларының жиілеуі. Бұл орайда біздің басты қызметіміз – алғашқы көмек көрсету және медициналық көмекке мұқтаждарды уақыт ұттырмай ауруханаға жеткізу, – деді Атырау облысы Денсаулық сақтау басқармасының «Атырау облыстық медициналық жедел жәрдем станциясы» ШЖҚ КМК бастығы Азамат Ерболов.

Айта кетейік, аталған меморандумға сәйкес Атырау облысындағы жергілікті полиция қызметі мен жедел жәрдем қызметі қызметтегі күш-жігерін облыстағы ЖКО-ның алдын алу, жаяу жүргіншілер жүрісінің қауіпсіздігін арттыру, тұрғындарға профилактикалық жұмыстар жүргізу мақсатында «Біз жолдағы қауіпсіздік үшін» жобасы шеңберінде әлеуметтік желіде жол жүрісінің барлық қатысушыларының жолда азаматтардың құқықтық санасы мен жауапкершілігін арттыруға бағытталған іс-шараларды бірлесіп атқарады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру