Жамбылдық полицейлер мефедрон сатумен айналысқан адамды ұстады
Жамбылдық полицейлер мефедрон сатумен айналысқан адамды ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
12 желтоқсанда жамбылдық полицейлер есірткі өткізу арнасының жолын кесуге бағытталған жедел-іздестіру іс-шараларын жүргізу барысында Тараз қаласының 18 жастағы тұрғынын ұстады.
Тінту жүргізу кезінде күдіктіден 12 бумаға оралып, тарату үшін дайындалған мефедрон синтетикалық есірткі заты анықталды.
Тәркіленген есірткінің жалпы салмағы 7 грамнан асады.
Ұсталған азамат кінәсін мойындап, Тараз қаласының уақытша ұстау изоляторына қамауға алынды.
Аталған дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 297-бабының 1-бөлігімен (Есірткі құралдарын, психотроптық заттарды, олардың аналогтарын өткізу мақсатында заңсыз дайындау, қайта өңдеу, сатып алу, сақтау, тасымалдау) сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары басталды. Аталған бап бойынша мүлкі тәркіленіп, 5 жылдан 10 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза қарастырылады.