Абай облысында ҚАЖ мекемесінің 60 жылдық мерейтойы атап өтілді
Абай облысында ҚАЖ мекемесінің 60 жылдық мерейтойы атап өтілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысы бойынша ҚАЖД-ға қарасты №20 мекеменің құрылуына 60 жыл толуына орай салтанатты іс-шара өткізілді.
60 жылдың ішінде атауы бірнеше мәрте өзгертілген №20 мекеме 2022 жылдың екінші жартысынан бастап Абай облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне бағынады. Бүгінгі таңда қатаң режимдегі мекемеде 800-ден астам сотталған жазасын өтеп жатыр. Аталған мекемеде республика бойынша соматикалық аурулары бар сотталғандарды емдейтін емханасымен ерекшеленеді.
Алғашында мекеме Семей қаласындағы Полковничий аралында орналасқан. Жаңа мекемеде арнайы және шаруашылық бөлімдері ғана болды. Кейіннен Арматуралық зауыт ауданына көшірілді. Бұрын сотталған азаматтарға арналған қатаң режимдегі арнайы колония болған. Одан кейін нашақорлықтан және ішкіліктен емдейтін қатаң режимдегі колония ретінде жұмысын жалғастырды.
Салтанатты шараның ашылуы Абай облысы бойынша ҚАЖД бастығы Ерсайын Нуртазиновтың құттықтау сөзімен басталды.
Мекемеде көптеген жыл бойы басшылық қызмет атқарып, зейнетке шыққан ардагерлер Қазақстан полициясының 30 жылдығына арналған төсбелгілермен және алғыс хаттармен марапатталды. Мекеменің 60 жылдық мерейтойына орай қызметтегі жетістіктер үшін қызметкерлерге мақтау қағаздары табысталды. Мекеменің арнайы шақырылған қонақтары мен ардагарлері құттықтау сөздерін айтып, қызмет атқару барысында орын алған қызықты оқиғаларымен бөлісіп, жас қызметкерлерге ақыл-кеңестерін айтты.
Салтанатты шара концерттік қойылыммен жалғасты. Семей филармониясынан келген өнерпаздар мен мекеме қызметкерлері және ШҚО бойынша ҚАЖД-дан келген өнерлі қызметкерлердің орындауындағы ән-күймен жалғасты.
– Бұл мекемеде 60 жылдың ішінде қаншама офицер мен сержант, ерікті жалдамалы қызметкерлер еңбек етті. Ұрпақ сабақтастығы жалғасып, әкесінің ізімен балалары қызмет атқарып жатыр. Мекемеде 60 жылдың ішінде 20-ға жуық бастық ауысып, олардың әрқайсысы мекеменің дамуына өз үлестерін қосты. Мекеме ардагерлері мен қызметкерлерін осы айтулы күнмен шын жүректен құттықтаймын. Ел іргесі аман, еліміз көркейіп, мекемеміз тыныш болсын, – деді мекеме бастығы Арсылан Мухаметжанов.