Түркістанда мектепке жұмысқа орналастырамын деп алаяқтық жасаған әйел анықталды
Түркістанда мектепке жұмысқа орналастырамын деп алаяқтық жасаған әйел анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Түркістан қалалық полиция басқармасына Сауран ауданының тұрғыны арызданды. Ер адамның айтуынша, өзіне жақын таныс емес біреу жұбайын мектепке жұмысқа орналастыруға уәде еткен. Сенімге кірген әйел жәбірленушіден жарты млн теңгеден астам ақша алған. Алайда қаражатты алғаннан кейін алаяқ уәдесін орындамаған. Ал алданған ауыл тұрғыны полицияға хабарласып, барлық жағдайды анықтау үшін көмек сұрады.
Аталған жайтты полицейлер ҚР ҚК-нің 190-бабы (Алаяқтық) бойынша тіркеді.
Жедел-іздестіру іс-шаралары барысында түркістандық учаскелік полиция инспекторлары күдіктінің жеке басын анықтады. Ол Түркістан қаласының тұрғыны болып шықты. Тәртіп сақшылары күдіктіні полиция басқармасына жеткізді. Қазіргі уақытта алаяқтық дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.