СҚО-ның Ковыльное ауылында соңғы жылдары бірде-бір қылмыс тіркелмеген
Солтүстік Қазақстан облысының картасында ішімдіктен бас тартқан тағы бір ауыл бар. Бұл – Ғабит Мүсірепов атындағы ауданның Тахтаброд ауылдық округіндегі 5 ауылдың бірі Ковыльное ауылы, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Учаскелік инспектор Дәулет Молдахметовтың айтуынша, ауылдағы тұрғындар саны 405 адамды құрайды. Бірнеше жыл бұрын ақсақалдар ішімдік ішуден бас тартуды ұсынған. Халық бұл бастаманы қолдады. Соңғы жылдары жергілікті тұрғындар арасында бірде-бір қылмыс тіркелмеген. Олардың арасында есепте тұрған тұлғалар жоқ. Тұрғындар балаларды қорқынышсыз ойнауға жібереді, түнде көшеде жүруден қорықпайды, тіпті есіктерін де құлыптамайды екен.
Ауыл тұрғындарының көпшілігі жұмыс істейтін жергілікті «Ақселеу» ЖШС-нің белсенді қолдауы ауылдағы құқықтық тәртіптің сақталуына ықпал етеді. Кәсіпорын нысандары мен ауылдағы көшелер жақсы жарықтандырылған және 130 бейнекамераның бақылауында. Бұдан бөлек, ішімдіктен бас тарту шараларын жергілікті ЖШС директоры Серік Малаев 10 жыл бұрын бастаған. Ол барлық мерекелік іс-шараларды алкогольсіз ұйымдастыруды қолға алыпты. Ауыл тұрғындарының алкогольден бас тартуы осы бастаманың қисынды қорытындысы болды.
– Көпбалалы отбасыларға барып, интернет-алаяқтықтың және басқа да заң бұзушылықтардың алдын аламыз, абаттандыру ережелерін сақтау, еркін жайылымды болдырмау бойынша жұмыс жүргіземіз. Алайда, масаң күйде жасалған бірде-бір бұзақылық немесе басқа да құқық бұзушылық тіркелген жоқ, — дейді Дәулет Молдахметов.
Ковыльное – гүлденіп келе жатқан ауылдардың бірі, соңғы жылдары мұнда 20-дан астам жаңа үй салынды. Тахтаброд ауылдық округінің әкімі Аслан Құзғамбаев ауыл жолдарын жөндеу, спортты дамыту жұмысы туралы ерекше атап өтті.
Салауатты өмір салты – жарқын болашақтың серігі. «Ақселеу» ЖШС директоры Серік Малаев атап өткендей, алкогольден бас тарту – кәсіпорында тәртіпті күрт арттыруға мүмкіндік берді.
– Еңбек тәртібінің өрескел бұзушылықтары, шаруашылықта жанжал болмайды, біз оны жоққа шығардық. Біз ауылда адамдардың қалыпты, тыныш өмір сүруін және ертеңгі күнге сенімді болуын қалаймыз, – деді ол.
СҚО-да Ковыльное ауылынан бөлек, Теңдік пен Қарағай ауылдары да бар. Бұл елді мекендерде де тұрғындар алкогольмен қош айтысқан. Сондықтан құқықтық тәртіп те жоғары деңгейде.