ШҚО полицейлері несие берушілерге 6 млн теңге қарыз болған әйел адамды тапты
ШҚО полицейлері несие берушілерге 6 млн теңге қарыз болған әйел адамды тапты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Өскемен қаласы полиция басқармасының көші-қон қызметі бөліміне жеке сот орындаушысының бес жылдан астам уақыт бойы қазақстандық банктердің бірінің пайдасына 6 млн теңгеден астам берешегі бар 47 жастағы қарызды өтемеушіні іздестіруге жариялау туралы қаулысы келіп түскен.
Іздестіру іс-шаралары барысында көші-қон қызметінің қызметкерлері қарызын төлемеген адамның жүрген жерін анықтады. Іздестіруде жүрген адам телефон нөмірін , тұрғылықты мекенжайын ауыстырып, басқа қалаға көшкені белгілі болды. Енді қарызды өндіріп алумен сот орындаушылар айналысады.
Шығыс Қазақстан облысында 2022 жылы полицейлер 120-дан астам қарызды өтемеушілер мен алимент төлемеушілерді анықтаған.
Көші-қон қызметі атқарушылық құжатты орындамағаны үшін ҚР ӘҚБтК-нің 669-бабы (Сот үкiмiн, сот шешiмiн немесе өзге де сот актiсiн және атқарушылық құжатты орындамау) және ҚР ҚК-нің 139-бабы (Балаларын күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеу жөніндегі міндеттерді орындамау, еңбекке қабілетсіз ата-аналарын, еңбекке қабілетсіз жұбайын (зайыбын) күтіп-бағуға арналған қаражатты төлеуден жалтару) бойынша қылмыстық жауаптылық көзделгенін ескертеді.