Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Түркістандық полицейлер кейуанаға жеке куәлігін рәсімдеуге көмектесті

Түркістандық полицейлер зейнеткерге жеке куәлігін қайта рәсімдеуге көмектесті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Төлеби аудандық полиция бөлімі көші-қон қызметінің полицейлері зейнеткерлерді, көпбалалы аналарды және мүмкіндігі шектеулі азаматтарды құжаттандыру бойынша жұмыстарды жалғастырып жатыр. Тіпті мобильді топ жүріп-тұруы қиын ауыл тұрғындарының тұрғылықты мекенжайына барып, қажетті құжаттарды рәсімдеуге көмек көрсетіп жүр.

Мысалы, Төлеби ауданы көші-қон қызметінің инспекторы С.Байсапаров, шамамен 3 ай бұрын жеке куәлігін жоғалтып алған ауданның 87 жастағы тұрғынына көмектесті. Егде жастағы тұрғын денсаулығына байланысты жаңа куәлік алуға келе алмаған. Ал полицей кейуана үйіне барып, құжаттандыру жұмыстарын жүргізіп, жаңа жеке куәлігін тапсырды.

Ақжаулықты ананың ұлы тәртіп сақшыларына құжат рәсімдеуге көрсеткен көмегі үшін шын жүректен алғысын білдірді.

Бүгінгі таңда мобильді топпен ауданның 6 тұрғыны дер кезінде құжаттандырылды. Оның ішінде КСРО-ның ескі үлгідегі паспортымен жүрген 2 азамат бар.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру