Қостанай облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр
Қостанай облысында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы өтіп жатыр, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Облыс аумағында 5-25 сәуір аралығында «Қару» жедел-профилактикалық іс-шарасы ұйымдастырылып жатыр. Оның барысында атыс қаруын қолдана отырып қылмыстардың алдын алуға және жолын кесуге, сондай-ақ азаматтық және қызметтік қарулардың айналымын тиімді бақылауға ерекше назар аударылады.
Бір апта ішінде облыс полициясы жедел алдын алу шарасы барысында тіркелген бұзушылықтардың бірнеше деректерін анықтады. Мәселен, Қостанай ауданының тұрғыны үйде 12 калибрлі VINCHESTER маркалы тіркелмеген тегіс ұңғылы мылтықты сақтаған.
Сондай-ақ Қамысты, Қарабалық аудандарында, Б.Майлин атындағы ауданда және Лисаков қаласында тіркелмеген қару анықталды.
Азаматтар ҚР ӘҚБтК-нің 484-бабы 1-бөлігі (Азаматтық және қызметтік қару айналымы ережелерін бұзу) бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Іс-шара басталғаннан бері полицейлер 18 рейдтік іс-шара өткізді. Оның барысында 36 шалғайдағы шаруа қожалықтарын тексеріп, тұрғылықты жері бойынша 305 азаматтық қару иелерін тексерді.