Қызылорда облысында заңсыз балық аулаудың 66 дерегі тіркелді
Қызылордалық полицейлер «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасы аясында заңсыз балық аулаудың 66 дерегін анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қызылорда облысы полиция департаментінің қызметкерлері облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясы қызметкерлерімен бірлесіп, «Уылдырық» жедел-профилактикалық іс-шарасын өткізіп жатыр.
Сырдария өзенінде 1 сәуірден 31 мамыр аралығында және барлық су айдындарында 20 сәуірден 10 маусым аралығында, сондай-ақ Кіші арал теңізінде 1 мамырдан 10 маусым аралығында Қызылорда облысының аумағында көктемгі балық ресурстары мен басқа да су жануарларының уылдырық шашу және көбею кезені жүргізіледі. Іс-шараның 19 күнінде заңсыз балық аулағаны үшін ҚР ҚК-нің 335-бабымен бір қылмыстық іс қозғалып, тергеп-тексеру жұмыстары жүргізілуде.
Сонымен қатар ҚР ӘҚБтК-нің 383-бабының 1-бөлігімен заңсыз балық аулаудың 66 дерегі анықталып, жеке тұлғаларға қатысты 10 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынды.
– Балық аулау қағидаларын, сондай-ақ балық ресурстары мен басқа да су жануарларын пайдаланудың басқа да түрлерiн жүзеге асыру қағидаларын қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгiлерi жоқ бұзушылық – жеке тұлғаларға – 10 АЕК, шағын кәсiпкерлiк субъектiлерiне – 30 АЕК, орта кәсіпкерлік субъектілеріне – 50 АЕК, iрi кәсiпкерлiк субъектiлерiне 100 айлық есептік көрсеткіш мөлшерiнде айыппұл салынатынын ескертеміз, – деді полицнйлер.