Астанада жол талғамайтын көліктің мас жүргізушісі қолға түсті
Патрульдік полицейлер «Мас жүргізуші – қылмыскер!» атты жергілікті рейдтік іс-шара өткізу кезінде Lexus 570 автокөлігін масаң күйде басқарған 29 жастағы жүргізушіні тоқтатты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Көлік Доспанов көшесінде сағат 04:00 шамасында тоқтатылды. Тексеру кезінде полиция қызметкерлері ер адамның масаң күйде екенін және сұрақтарға түсінікті жауап бермейтінін байқаған.
Жүргізушіге медициналық куәландырудан өту ұсынылды. Оның нәтижесі бойынша жеңіл дәрежелі алкогольдік масаңдық туралы қорытынды берілді.
Көлік құралын мас күйінде басқарғаны үшін жүргізушіге қатысты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы 1-бөлігі (Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру) бойынша әкімшілік іс қозғалды.
Аталған құқық бұзушылық үшін жүргізуші он бес тәулікке әкімшілік қамауға алынып, жеті жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылады.
«Мас жүргізуші – қылмыскер!» жергілікті рейдтік іс-шарасын өткізу кезінде полицейлер бір түнде мас болу дәрежесі анықталған 5 жүргізушіні ұстады. Құқық бұзушылардың көліктері коммуналдық тұраққа қойылды.
Астана қаласының полиция департаменті автокөлік иелеріне жол ережелерін сақтауды және көлік құралын мас күйінде немесе көлік құралын басқару құқығынсыз жүргізбеуді ескертеді.