Қарағанды облыстық полиция департаментінің бастығы қала тұрғындарымен кездесті
Қарағандыда тұңғыш рет полиция департаментінің бастығы қаланың демалыс және мәдени орталық саябағында полиция қызметкерлерінің атқарып жатқан жұмыстарын халыққа жеткізу мақсатында есеп беру кездесуін өткізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Кездесуге саябаққа демалуға келген барша қала тұрғындары қатысуға мүмкіндік алды. Алдымен облыстың бас сақшысы Санжар Әділов полицияның ашықтығы мен қол жетімділігін атап өтіп, облыстағы криминогендік ахауалға тоқталды.
– Криминогендік жағдайға тоқталатын болсақ облыс бойынша 4 мыңға жуық қылмыстық құқық бұзушылық тіркелді. Кісі өлтіру, тонау , қарақшылық, зорлау , бұзақылық , бөтеннің мүлкін ұрлау, пәтер ұрлығы , мал ұрлығы, интернет-алаяқтық саны төмендеді. Сондай-ақ қоғамдық орындарда, көшелерде, мас күйде, отбасылық тұрмыстық жағдайда жасалған қылмыстар азайды, – деді ПД бастығы Санжар Әділов.
Қала тұрғындарына тәртіп сақшыларының атқарған жұмыстарының нәтижесінде бірқатар қылмыстардың азайғандығын тілге тиек еткен департамент бастығы бүгінгі күн тәртібінде тұрған алаяқтық, отбасы-тұрмыстық саладағы жағдайларға да баса назар аударды. Жол жүру ережелерін сақтамау салдарынан болып жатқан соңы қайғылы жағдаймен аяқталған жол-көлік оқиғалары туралы нақты дәйектерді тілге тиек етіп, оның алдын алуда жасалып жатқан жұмыстар туралы баяндады.
– Бүгінде жалпы қылмыстардың ішінде көп таралғаны алаяқтық фактілері екенін атап өттім. Осы қылмыстың алдын алу мақсатында шкі істер министрі Марат Ахметжановтың тапсырмасын орындау үшін облыс әкімі Ермағанбет Бөлекбаевтың қолдауымен біз интернет-алаяқтығымен күресетін «киберпол» арнайы бөлінісін аштық. Бұл бөлініс «бір терезе» қағидатымен жұмыс істеп, халық арасында түсіндіру жұмыстарына көңіл бөлетін болады, – деді департамент бастығы.
Сондай-ақ облыстың бас сақшысы Санжар Әділов қазіргі уақытта қоғам дертіне айналған есірткі қылмыстарының жолын кесудегі ақпараттармен бөлісті.
– Бүгінгі күні ең қауіпті құқық бұзушылықтың бірі – ол нашақорлық. Жалпы облыс бойынша жылдың басынан 142 есірткі қылмыстар анықталды. Заңсыз айналымнан 190 келі әртүрлі есірткі тәркіленді. Соңғы жылдары 5 есірткі зертханасы жойылды, шамамен 23 келі синтетика тәркіленді, 350 есірткі сайты анықталып, бұғатталды, – деді ол.
Ашық аспан астында екі сағат уақытқа жуық өткен кездесуде ішкі істер органдарының жұмысын цифрландыру, қоғамдық ұйымдармен бірлесе жұмыс жасау, заңнамаларға енгізілген өзгерістер бойынша кеңінен ақпарат берген департамент бастығы баяндамасының соңында ішкі істер министрілігімен қолданысқа енгізілгелі жатқан қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету концепциясы жайында да тоқталып өтті.
– Қазір Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Қоғаммен серіктестікте қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз етудің тұжырымдамасы әзірленуде. Тұжырымдамада қоғамдық қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік саясатты іске асыру стратегиясы, барлық алдын алу және азаматтарды тарту субъектілерінің ортақ жауапкершілігі, ІІМ-нің мемлекеттік органдардың жұмысын үйлестіру, олардың Президентке жыл сайынғы баяндамасындағы үлесін бағалау жөніндегі өкілеттігі бекітілетін болады, – деп толықтырды Санжар Әділов.
Жыл басталғалы өңірдің тәртіп сақшылары атқарған жұмыстарының нәтижесі баяндалғаннан кейін департамент бастығы мен орынбасарлары және басқарма бастықтары кездесуге келген қала тұрғындарын жеке сұрақтармен қабылдады. Азаматтарды өздері толғандырған сұрақтармен қабылдаудан кейін Санжар Әділов қалалық маслихаттың депутаттарымен демалыс және мәдени орталық саябақтағы полиция пунктінің жай күйімен танысты.