Ақмолалықтың көлігінен екі қызметтік телефонды қолды еткендер анықталды
Ақмолалықтың көлігінен екі қызметтік телефонды қолды еткендер анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
25 шілде күні Қосшы қаласының полиция бөліміне жергілікті тұрғынның ұрлық дерегі туралы мәлімдемесі келіп түсті. Өтініш берушінің айғақтарына сәйкес, бір күн бұрын ол Hyundai Elantra көлігін үйдің ауласына қойып, келесі күні көліктің есігі ашық екенін және Samsung A70, Samsung A50 маркалы екі қызметтік ұялы телефонның ұрланғанын анықтаған. Залал сомасы 200 мың теңгені құрады.
Ұрлық жасауға қатысы бар адамдарды анықтау үшін полицейлер ауланы аралап, ықтимал куәгерлерден сұхбат алды. Қылмыс жасалған үйдің жанында орналасқан бейнебақылау камераларының жазбаларын зерттеді.
Қабылданған шаралардың нәтижесінде күдіктілер анықталды. Олар екі жергілікті тұрғын болып шықты.
Осы фактіге қатысты полиция бөлімімен ҚР ҚК-нің 188-бабының 3-бөлігі (Ұрлық) бойынша сотқа дейінгі тергеу жұмыстары басталды.
Күдіктілерге қатысты келу туралы міндеттеме түріндегі процестік мәжбүрлеу шарасы қабылданды.