Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Қарағанды облыстық ПД-ның кинологиялық орталығында қызметтік иттерді жаттықтыратын алаң жұмысын бастады

Қарағанды облыстық ПД-ның кинологиялық қызмет орталығында қызметтік иттерді жаттықтыратын алаң жұмысын бастады, – деп хабарлайды Polisia.kz.

1 қыркүйек – Білім күні қарсаңында облыстық полиция департаментінің кинологиялық қызмет орталығында қызметтік иттерді жаттықтыратын алаң жұмысын бастады. Департамент басшылығының қолдауы, қаланың белді кәсіпкерінің демеушілігімен салынған алаңда қызметтік иттермен қатар, қала тұрғындары да өздерінің сенімді серігін дайындауға мүмкіндігі бар.

– Осы алаңды ашу жобасын қолдап, бізге демеушілік жасаған «Полимет Солюшионс Корпорейшен» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің директоры Қуандық Қазанғапов алғысымды білдіремін. Бұл алаңда біздің қызметтік иттерді дайындау жүзеге асырылады. Сонымен қатар орталыққа мүмкіндігі шектеулі ерекше балалар келіп, оларға канистерапия жасауға да мүмкіндік бар. Сондай-ақ қаланың зооқорғаушыларымен де бірлескен жұмыстар жүргізілетін болады, – деді облыстық полиция департаментінің бастығы Санжар Әділов.

Шараға кинология қызмет орталығында сыңдарлы жыл бойы еңбек етіп, зейнетке шыққан ардагерлер, қала еріктілері, сондай-ақ мүмкіндігі шектеулі ерекше балалар қатысты. Олардың назарына тәртіп сақшылары қызметтік иттердің жарылғыш, есірткі заттарын іздеу бойынша жұмысын көрсетті. Осыдан кейін, іс-шараға жиналғандарға қызметтік иттердің қаруланған қылмыскерді ұстау кезіндегі жұмысы таныстырылды. Жарылғыш зат жарылып, қарудан оқ атылса да қорықпайтын полицияның сенімді серігінің жұмысы балаларды таң қалдырды.

– Бұл алаңда біз қызметтік иттерді із кесу, жарылғыш, есірткі заттарын іздеуге дайындаймыз. Биылғы жылдың өзінде қызметтік иттерді 673 рет жұмысқа қолданды. Оның ішінде 285 рет жарылғыш заттарды іздеуге, із кесуге 173, ал есірткі заттарын іздеуге 110 рет қолданылды. Есірткі затын іздеп табу бойынша қызметтік иттің көмегімен 11 қылмыс ашылып, заңсыз айналымнан 15 келіге жуық әртүрлі есірткі заттары тәркіленді, – деді кинологиялық қызмет орталығының бастығы Айдар Абдрасилов.

Іс-шара соңында ашық есік күніне келген барша қала тұрғындарына жылдам қимылдайтын арнайы жасақ қызметкерлері қоян-қолтық ұрысы бойынша жаттығуларын көрсетіп, көрермендердің қошеметіне бөленсе, аниматорлар жас бүлдіршіндерге түрлі ойындар ойнатып, балалардың көңілін аулады.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру