Конституция күніне орай 100-ден астам көлік полицейі марапатталды
Көліктегі полиция департаментінде 30 тамыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы күніне арналған меркелік іс-шара өтті. Оған департаменттің басшылығы мен жеке құрамы, сондай-ақ ішкі істер органдарының ардагерлері қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Салтанатты шараны құттықтау сөзімен ашқан департамент бастығы Бақытжан Малыбаев ең алдымен Конституцияның маңыздылығына тоқталды.
– Ата заңымыз – еліміздегі саяси тұрақтылықтың кепілі, отаншылдық пен береке-бірліктің бастауы. Біздің мақсатымыз – заң үстемдігі, әділдік және жалпыға бірдей мүмкіндік қағидаттарын ұстана отырып, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау, мемлекетіміздің қауіпсіздігін сақтау және қоғамдық тәртіпті қамтамасыз ету, – Бақытжан Малыбаев.
Ведомства басшысы, сонымен қатар өз өмірлерін ішкі істер саласына арнап, зейнеткерлікке шықса да жас мамандарға қызметтің бай тәжірибесі мен үздік дәстүрлерін үйретуден жалықпай, тынымсыз еңбек етіп жүрген ардагерлерге де зор алғысын білдірді. Бұдан соң ішкі істер органдарына жаңадан қабылданған жас мамандар ант қабылдады. Сондай-ақ мерекелік іс-шара барысында өздерінің қызметтік міндеттерін адал атқарғандары үшін ҚР ІІМ-нің және көліктегі ПД бастығының бұйрықтарымен 100-ден аса полицей төсбелгілермен, грамоталармен марапатталды.
Олардың арасында полиция қызметкері Абай Қилыбаев та болды. Ол «Құқық тәртібін қамтамасыз етуге қосқан үлесі үшін» медалімен марапатталды. А.Қилыбаев ішкі істер органдары саласында 20 жылдан аса қызмет етеді. Бүгін де ол Астана станциясындағы желілік полиция басқармасы әкімшілік полиция бөлімшесінің бастығы лауазымын атқарады.
– Бұл марапат жалғыз маған емес, менімен бірге күн сайын бірлесе еңбек етіп жүрген әріптестеріме берілген баға деп есептеймін. Әрі бізге артылған сенім және үлкен жауапкершілік, – дейді Абай Сембайұлы.
Іс-шара соңында сап түзеген көлік сақшылары саптық маршпен жүріп өтті.