Шымкент полицейлері жыл басынан бері 120-дан астам сатушыны ақпараттандырды
Шымкент полицейлері жыл басынан бері 120-дан астам сатушыны ақпараттандырды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Үшінші мегаполис – тіршіліктің қайнаған мекені. Миллионнан астам тұрғыны, сауда нүктелері мен ойын-сауық орталықтары көп шоғырланған алып қала. Тәртіп сақшылары шаһардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түрлі бағытта профилактикалық іс-шаралар жүргізіп отырады. Соның ішінде есірткі қылмысына қарсы күрес жұмыстары бір сәтке де кейінге шегерілген емес.
Бұл жолы полицейлер «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 30-дан астам сауда нүктелерін аралап, кәсіп иелеріне түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Осылайша қызметкерлер жыл басынан бері 120-дан астам сатушыны ақпараттандырды.
Яғни, азаматтарға ҚР ӘҚБтК-тің 423-бабында көрсетілген, есірткі, психотроптық заттарды және сол тектестерді насихаттау немесе заңсыз жарнамалау қағидасын бұзбау туралы ескертті. Өйткені, есірткі заттары бейнеленген кез келген тауар адамға бейнесаналық түрде әсер ету қаупін туғызады. Ал аталған заң бұзушылыққа жол берудің соңы 300-ден 1000 АЕК мөлшерінде айыппұл салуға алып келеді.