Шымкентте оқушыларға жол қауіпсіздігі туралы дәріс өткізілді
Шымкентте оқушыларға құқықтық сауаттылық пен жол қауіпсіздігі туралы дәріс өткізілді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Әл-Фараби ауданындағы №18 мектепке бекітілген инспектор Сәбит Палжанов оқушылар арасында алдын алу жұмыстарын жүргізді.
Тәртіп сақшысы білім мекемесінің мәжіліс залында жоғары сынып оқушыларымен кездесу өткізді. Мұғалімдердің қатысуымен өткен жиында полицей жасөспірімдерге қылмыс жасамау, оларды жасағаны үшін жүктелетін жауапкершілік туралы және мектеп аумағы мен қоғамдық орындарда тәртіпті сақтауды ескертті.
Ал кіші мектеп оқушылары үшін жолда жүру ережелерін түсіндіру мақсатында ашық сабақ өткізілді. Сабақ барысында инспектор қалалық жолдарда және көлікте өзін қалай қорғау керектігін айтып, балалардың назарын қауіпсіз бағыт құруға және жолдың жанында дұрыс жүріс-тұруға аударып, балаларды жол белгілерін ажырата білуге үйретті.
Соңында, оқушылардың алған білімдерін шыңдау мақсатында құқық қорғау қызметкері жол қозғалысы ережелерін білуге арналған сауалнама жүргізді.
– Ювеналды полиция қызметкерлері оқушыларды құқықтық ақпараттандыру бойынша тұрақты негізде іс-шаралар өткізеді. Сабақтың мақсаты жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу, сондай-ақ балалардың қатысуымен жол-көлік оқиғаларын болдырмау болып табылады. Олардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету-біздің басты міндетіміз, – дейді Сәбит Палжанов.