Биыл Ақтөбе облысында көлік басқару құқығынан айырылған 50 жүргізуші ұсталды
Жыл басынан бері Ақтөбе облысының аумағында полицейлер көлік басқару құқығынан айырылса да, рөлге отырған 50-ден астам жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
19 қыркүйек сағат 23:30 шамасында Ақтөбе қаласы Мясоедов көшесінде 28 жастағы жүргізушінің басқаруындағы Opel Astra автокөлігі тоқтатылды. Құжаттарын тексеру кезінде жүргізуші бұрын көлік құралын басқару құқығынан айырылып, мас күйінде көлік жүргізгені анықталды.
Осы факті бойынша ҚР ҚК-нің 346-бабы 1-бөлігі (Көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі адамның көлік құралын басқаруы) бойынша тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.
Естеріңізге сала кетейік, Қазақстанда көлік құралдарын мас күйінде басқарған, әрі көлік құралын басқару құқығынан бұрын айырылған жүргізушілерге қатысты жаза күшейтілді. Осы баптың санкциясы көлік құралын басқару құқығынан өмір бойы айыра отырып, бес жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді.
Ақтөбе облысының полиция департаменті азаматтарға көлік құралдарын алкогольдік немесе есірткілік мас күйінде басқармауды ескертеді.