Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

"Жолда қабылдау" акциясы: жас жол инспекторлары жүргізушілерге үндеу жасады

Ақтөбе облысында Самара – Шымкент республикалық автожолының ең қарқынды учаскелерінің бірінде жол қозғалысы қауіпсіздігін арттыруға және қатысушылардың құқықтық сауаттылығын көтеруге бағытталған "Жолда қабылдау" акциясы өтті, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Іс-шара заңнаманы сақтау мәдениетін қалыптастыруға және қоғамдық қауіпсіздікті нығайтуға бағытталған "Заң мен тәртіп" тұжырымдамасы аясында ұйымдастырылды.

Іс-шараның бастамашысы әрі негізгі ұйымдастырушысы — жол-көлік оқиғаларының алдын алу бойынша жүйелі профилактикалық жұмыстар жүргізіп келе жатқан полиция департаменті. Акцияға сондай-ақ прокуратура, "ҚазАвтоЖол" АҚ және ТЖД өкілдері қатысты.

Акция барысында полиция қызметкерлері азаматтарды көшпелі түрде қабылдап, қолданыстағы заңнама нормаларын түсіндірді, жүргізушілер мен жолаушылардың өзекті сұрақтарына жауап беріп, Жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтау қажеттігін еске салды. Әсіресе көлік қозғалысы қарқынды болатын республикалық маңызы бар автожолдардағы апаттың алдын алуға ерекше көңіл бөлінді.

Облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Ардана Саймағамбетовтың айтуынша, мұндай акциялар азаматтардың мәселелерін жедел шешуге ғана емес, сонымен қатар полицияға деген сенімді арттыруға бағытталған.

— Біздің басты міндетіміз — жолдағы қауіпсіздікті қамтамасыз ету және құқық бұзушылықтардың алдын алу. Жол қозғалысына қатысушылармен ашық диалог форматы өзекті мәселелерге дер кезінде жауап беруге және халықтың құқықтық мәдениетін арттыруға мүмкіндік береді. Бұл — “Заң мен тәртіп” қағидаттарының іс жүзіндегі көрінісі, — деді ол.

Акцияға жас жол инспекторлары да белсенді қатысты. Оқушылар жүргізушілерге өз қолдарымен жазылған үндеу хаттарын таратып, көлік тізгінінде мұқият болуға, жылдамдық режимін сақтауға және жол қозғалысына қатысушылардың өмірін қорғауға шақырды.

Жалпы акция барысында 300-ден астам азаматқа нақты кеңес беріліп, оларды қызықтырған сұрақтарға жауап ұсынылды. Мұндай іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасады, өйткені құқық бұзушылықтардың алдын алу, жол қауіпсіздігін қамтамасыз ету және «"аң мен тәртіп" қағидаттарын ілгерілету полиция қызметінің басым бағыттары болып қала береді.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру