Павлодарда полиция жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған дәріс өткізді
Павлодарда полиция жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыруға бағытталған дәріс өткізді, - деп хабарлайды Polisia.kz.
Павлодар қаласындағы №39 орта жалпы білім беру мектебінде полиция қызметкерлері оқушыларға арналған құқықтық дәріс өткізді. Іс-шараның негізгі мақсаты – кәмелетке толмағандар арасындағы құқық бұзушылықтардың алдын алу және жасөспірімдердің құқықтық сауаттылығын арттыру.
— Кездесу барысында оқушыларға Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасының негізгі нормалары түсіндірілді. Атап айтқанда, Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексі мен Қылмыстық кодексінің тиісті баптары бойынша жан-жақты ақпарат берілді, — деді Павлодар облысы полиция департаменті көші-қон қызметі басқармасының бастығы Қанат Сартов.
Дәріс барысында құқық бұзушылық түрлері түсінікті тілде, бейнероликтер көрсету арқылы нақты мысалдармен түсіндірілді. Атап айтқанда ұсақ бұзақылық, қоғамдық орындарда алкогольдік ішімдік ішу, кәмелетке толмағандардың түнгі уақытта заңды өкілдерінсіз жүруі сияқты әкімшілік құқық бұзушылықтар, сондай-ақ ұрлық, тонау, қарақшылық, бопсалау, буллинг, кибербуллинг, есірткі қылмыстары, дропперлік және денсаулыққа қасақана зиян келтіру сияқты ауыр қылмыстар қарастырылды.
Сонымен қатар құқық бұзушылық жасаудың құқықтық салдары түсіндірілді. Олардың қатарында профилактикалық есепке алу, айыппұл салу, әкімшілік қамауға алу, сондай-ақ соттылықтың болашақ өмірге әсері, соның ішінде жұмысқа орналасу мен білім алу мүмкіндіктеріне шектеулер туралы айтылды.
Дәріс барысында жасөспірімдер арасындағы құқық бұзушылықтың негізгі себептері де талқыланды. Олардың ішінде теріс әлеуметтік орта ықпалы, ересектер тарапынан бақылаудың жеткіліксіздігі және заң нормаларын білмеу мәселелері аталды.
Сондай-ақ заң талаптарын сақтау, өзгенің құқықтарын құрметтеу және жеке жауапкершілікті сезіну маңыздылығына ерекше назар аударылды. Оқушыларға құқық бұзушылықтың алдын алу бойынша нақты ұсыныстар беріліп, дұрыс орта таңдау, зиянды әдеттерден бас тарту және қиын жағдайларда ересектерден көмек сұрау қажеттігі түсіндірілді.
- Мұндай профилактикалық іс-шаралар жастардың құқықтық санасын қалыптастыруға және құқық бұзушылықтың алдын алуға ықпал етеді, — деп атап өтті спикер.
