Ақпараттық медиа-портал POLISIA.KZ

Астанада велосипед ұрлығын кәсіпке айналдырған азамат анықталды

Астанада велосипед ұрлығын кәсіпке айналдырған азамат анықталды, – деп хабарлайды Polisia.kz.

Жедел іздестіру шаралары барысында криминалдық полиция қызметкерлері 29 жастағы қала тұрғынын ұрлық қылмысына күдікті деп анықтады. Күдікті барлығы 12 ұрлыққа қатысты болған. Оның ішінде ол бір тәулік ішінде 3 велосипедті ұрлап үлгерген.

Тергеу барысында велосипедтерді тұрғын үйлердің кіреберістерінен еркін кіру арқылы ұрлағаны анықталды. Ұрлаған екі доңғалақты көліктерді кездейсоқ өтіп бара жатқандарға арзан бағамен сатып жіберген.

Сөйтіп, ол күндіз Жүргенов көшесіндегі тұрғын үйдің кіреберісіне кіріп, құны 75 мың теңге тұратын  Forward велосипедін ұрлап, сол күні екі доңғалақты көлікті белгісіз біреуге 15 мың теңгеге сатып үлгерген.

Бейнебақылау камераларының арқасында бірқатар велосипед ұрлығына қатысты тұлғаның жеке басы мен тұрғылықты жері анықталды.

Қазіргі уақытта бұрын осыған ұқсас қылмыстар үшін сотталған азамат ұсталып, уақытша қамауда отыр. Оның елордада бұрын жасалған басқада қылмыстарға қатысы бар-жоғын анықтау мақсатында сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.

Сондай-ақ оқыңыздар

Жауап қалдыру