Астана полицейлері қоғамдық көлікте жолаушылардың қалтасына қол сұққан күдіктіні ұстады
Астана полицейлері қоғамдық көлікте жолаушылардың қалтасына қол сұққан күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Астана қаласы ПД криминалдық полиция басқармасының жедел-іздестіру бөлімінің қызметкерлері қоғамдық көлікте қалта ұрлығымен айналысқан 40 жастағы қала тұрғынын қылмыс орнында ұстады. Бір кеште оның екі iPhone телефонын иемденіп алғаны анықталды.
Қарбалас уақытта №31 бағыттағы автобуста келе жатып, салондағы адамдардың көптігін пайдаланып, кәмелетке толмаған жолаушының сөмкесінен iPhone 12 телефонын жымқырған. Ойын іске асырған әккі ұры №51 автобус бағытына ауысып мініп, сол сияқты жәбірленушінің күрте қалтасынан iPhone 13 телефонын ұрлап үлгергені белгілі болған.
Қазіргі таңда күдікті азаматқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 188-бабымен сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
Ер адам кінәсін мойындап, заттай айғақтар алынып, иелеріне қайтарылды. Оның елорда аумағында болған осындай басқа да қылмысқа қатысы бар-жоғы тексеріліп жатыр.