Ұлытау облысының полицейі пауэрлифингтен күміс жүлдегер атанды
Ұлытау облысының полицейі пауэрлифингтен күміс жүлдегер атанды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Абай облысының Семей қаласында 3-11 қазан аралығында ерлер мен әйелдер, ардагерлер арасында классикалық пауэрлифингтен ел чемпионаты өтіп жатыр. Бұл сайысқа еліміздің түкпір-түкпірінен 200-ден астам спортшы қатысуда.
Осы сайыста Ұлытау облысы ПД Сәтбаев қаласы полиция бөлімінің қызметкері Алмас Әлменбаев 93 келі салмақ дәрежесінде екінші орынды иеленді.
Алмас Әлменбаев ішкі істер саласында 2013 жылдан бері қызмет етіп келеді. Пауэрлифтинг спортымен 15 жылдан бері айналысады. 2018 жылы осы спорттың жатып көтеру түрінен спорт шебері атанған. Полиция қызметкері салауатты өмір салтын берік ұстанып, қызметпен қатар спортты қатар алып жүр.
Алмастың жан жары Гүлнұр осы пауэрлифтинг спортынан спорт шебері және 2019 жылғы ел чемпионатының қола жүлдегері атанған. Қазіргі уақытта облыс көлемінде танымал үздік фитнес жаттықтырушысы болып қызмет атқарады. Спортты жанына серік еткен отбасы бүгінгі күнде үш ұл баланы тәрбиелеп, спортқа баулуда. Үлкен ұлдары Әлнұр мен Мансұр дзюдо және грепплинг спорт түрлерінен облыс намысын қорғап жүр.
– Біз отбасымызбен спортты сүйеміз. Жан жарым Гүлнұр екеумізді табыстырған да осы спорт. Пауэрлифинг спорты төзімділік пен күшті қажет етер спорт түрі. Бізде үнемі жаттығу жасап, қолымыз босаған уақытта жаттығу залынан табыламыз. Біз балаларымызды спортқа баулып, олардың дені сау ұрпақ болып қалыптасуына ықпал жасаймыз. Қазіргі нәтиже жаман емес, ұлдарым күрес түрлерінен облыс намысын қорғап, түрлі жарыстардан жеңіспен оралуда, – деді Алмас Әлменбаев.