Биыл Ақтөбе облысында 900 жүргізуші мас күйде көлік тізгіндеген
Ақтөбе облысында осы жылдың 9 айында полицейлер көлік құралдарын мас күйінде басқарған 900 жүргізушіні анықтады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Жыл басынан бері Ақтөбе өңірінің тұрғындары 164 649 түрлі әкімшілік құқық бұзушылыққа жол берді. Статистикаға сәйкес, 7320-ға жуық құқық бұзушы – алкогольдік сусындарды ұнататындар (ҚР ӘҚБтК 440-бабы), 1218 адам – ұсақ бұзақылық жасағандар (ҚР ӘҚБтК-нің 434-бабы), ал 3310 құқық бұзушы сағат 23.00-ден кейін тыныштықты бұзғандар (ҚР ӘҚБтК-нің 437-бабы).
Сонымен қатар полицейлер 75 мыңнан астам жол қауіпсіздігіне қатысты әкімшілік құқық бұзушылықты анықтады, оның ішінде 645 қарсы жолаққа шығу, 5392 жылдамдықты арттыру фактілері бар. Сонымен қатар 900 жүргізуші мас күйінде көлік жүргізген және 8300-ден астам жаяу жүргінші жол қозғалысы ережелерін бұзған.
– Құрметті облыс тұрғындары, сіздерді қоғамдық тәртіпті сақтауға, жол қозғалысы ережелерін бұзбауға шақырамыз! Есіңізде болсын, құқық қорғау органдарының міндеті – жазалау емес, құқық бұзушылықтың алдын алу және құқықтық тәртіпті сақтау қажеттігін әр азаматтың санасына жеткізу, – дейді полицейлер.