Ақтөбелік азамат өзгенің банк картасынан 700 мың теңгеден астам қаржы жұмсаған
Ақтөбелік азамат өзгенің банк картасынан 700 мың теңгеден астам қаржы жұмсаған, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Қазан айының соңында Хромтау ауданының 30 жастағы ауыл тұрғыны Ақтөбе қаласы теміржол вокзалы ауданында өзінің банк картасын жоғалтқан. Картаның ішінде ірі көлемдегі қаражат болған. Алайда жігіт өзінің қартасының жоғалғанын бірден байқамағандықтан, оны бұғаттамаған. Бұл ретте, оның телефонына банк қосымшасы орнатылмаған.
Екі күннің ішінде белгісіз тұлға карта арқылы Ақтөбе қаласындағы бірнеше ерлер киім дүкендерінен 700 мың теңгеден астам сомаға төлем жасаған.
Бұл факті туралы жәбірленуші 4 қарашада Ақтөбе қаласының полиция бөліміне арызданды. Жедел-іздестіру шараларын жүргізу барысында өзгенің есебінен ірі сауда жасаған күдікті анықталып, ұсталды. Ол 27 жастағы ақтөбелік жұмыссыз жігіт болып шықты. Күдікті кінәсін мойындады.
Картаны тауып алғаннан кейін ол бірден сауда үйлерінің біріне барып, өзіне күрте сатып алған және картада ақша бар екендігіне көз жеткізгеннен кейін саудасын екі күн бойы жалғастырған. Бұл ретте, күдікті төлем картасының кодын білмегендіктен, сатушылармен келісе отырып, төлемді картадан 10 мың теңгеден бірнеше рет шешіп алдыру арқылы төлеп отырған. Екі күннен кейін картада ақша таусылғанына көз жеткізгеннен кейін жігіт оны лақтырып тастаған.
Бұл дерек бойынша Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 188-бабының 2-бөлігімен (Ұрлық) қылмыстық іс қозғалды. Тергеу жүргізіліп жатыр.