Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД мекемелерінде дін саласын реттеуге бағытталған семинар өтті
Жуырда Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша қылмыстық-атқару жүйесі департаментіне қарасты №12, №14, №10 және №57 мекемелерінің қызметкерлері үшін Қонаев қаласында интернет кеңістігіндегі дәстүрлі емес діни ағымдар мен діни экстремизмді насихаттау шараларының алдын алуға арналған оқыту семинары ұйымдастырылды, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Аталған семинардың мақсаты – Қазақстан Республикасының дін саласындағы мемлекеттік саясатын іске асыру жөніндегі 2021-2023 жылдарға арналған кешенді жоспары мен дін саласын реттеуге бағытталған өзге де заңнамалық актілер негізінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын тиімді ұйымдастыру.
Алматы облысы дін істері басқармасы, Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары ҚАЖД мен “Адам және қоғам” қоғамдық бірлестігі бірігіп өткізген семинарда “Қазақстандағы діни ахуал”, “Дін саласындағы құқықтық нормалар”, “Деструктивті діни ағымдардың идеологиясына қарсы қолданылатын дәлелдер және оның әдіс тәсілдері” және “Діндар мен діншілдердің психологиялық ерекшеліктері” атты тақырыптарда лекциялар оқылды.
Лекция оқыған елімізге белгілі дінтанушылар семинарға қатысушылардың сұрақтарына жауап беріп, тақырыпты кеңейте түсті.
– Мемлекет және қоғам тарапынан ресми танылған дәстүрлі ислам діні – нақты қоғамда әлеуметтік-мәдени үстемдікке ие. Өкінішке орай соңғы 10-15 жылда елімізде дәстүрлі емес ислами ағымдар көбейіп келеді. Осыған орай аталған мекемелердің қызметкерлері арасында осындай кері құбылысқа қарсы күресу жолдары талқыланды, – деп атап өтті Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖД бастығының орынбасары Қанат Ашов.