Тараздық 120 студент есірткіге қарсы кездесу шарасына қатысты
Тараздық 120 студент есірткіге қарсы кездесу шарасына қатысты, – деп хабарлайды Polisia.kz.
2023-2025 жылдарға арналған есірткі бизнесі мен нашақорлыққа қарсы күрестің кешенді жоспарын орындау шеңберіндегі кезекті профилактикалық іс-шара Шерхан Мұртаза атындағы халықаралық Тараз инновациялық институтында өткізілді.
Іс-шараға құқық және экономика факультеттерінің студенттері, оқытушылары мен магистранттары – барлығы 120 адам қатысты.
Кездесу барысында тыйым салынған, сондай-ақ денсаулыққа жағымсыз әсер ететін заттарды қолдану және таратуға қатысты қарастырылатын құқықтық жауапкершілікті түсіндіру бойынша дәріс өткізілді.
Іс-шараны Жамбыл облысының полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасының қызметкерлері Тараз қаласы әкімдігінің ішкі саясат бөлімінің «Жастар ресурстық орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесі, облыстық «Садыхан» консультативтік-диагностикалық медициналық орталығы жауапкершілігі шектеулі серіктестігі бірлесіп ұйымдастырды.
– Мұндай іс-шаралар оқу жылының басынан бері облыстың барлық білім беретін колледждері мен жоғары оқу орындарында өтіп жатыр. Бұл шара жастар үшін өзекті тақырыпты талқылау мақсатындағы белгілі бір диалог алаңына айналды. Кездесулер барысында есірткіге қарсы бағыттағы бейнероликтер де көрсетіледі. Тәртіп сақшылары жасөспірімдер мен жастарды тыйым салынған заттарды пайдаланудан шектеу үшін барлық қажетті жағдайды жасайды, – деп атап көрсетті ПД ЕҚІҚБ бастығы Әлім Бажықбаев.