Көкшетау полицейлері бір түнде екі құқық бұзушылыққа қатысы бар мас күдіктіні ұстады
Көкшетау полицейлері бір түнде екі құқық бұзушылыққа қатысы бар мас күдіктіні ұстады, – деп хабарлайды Polisia.kz.
18 желтоқсан сағат 02:00 шамасында Көкшетау қаласы полиция басқармасының «102» телефон желісіне белгісіз адамның күзетілетін үй-жайдың кіреберіс есігіне зақым келтіргені және облыс орталығындағы кәсіпорындардың бірінің шлагбаумын сындырмақ болғаны туралы телефон хабарламасы келіп түсті.
Куәгерлердің айтуынша, ер адам оқиға орнынан қашып кеткен. ЖБО операторы бөтеннің мүлкіне зиян келтірген тұлғаның сыртқы келбеті мен сипаттамасы туралы ақпаратты дереу облыс орталығының патрульдік полициясының барлық экипаждарына таратқан.
Ақпарат алғаннан кейін Көкшетау қаласы ПБ патрульдік полиция батальонының қызметкерлері күдіктіні Әуелбеков көшесіндегі көпқабатты тұрғын үйдің кіреберісінен ұстап алған.
Ер адам мас күйде болған және ол көпқабатты үйдегі пәтерлердің біріне заңсыз кіруге тырысқаны анықталды. Сол үйдегі пәтер иелерінің бірі полицияға көмекке жүгінген.
Бұл факті ҚР Қылмыстық кодексінің 293-бабы (Бұзақылық) бойынша сотқа дейінгі тергеп-тексерулердің бірыңғай тізілімінде тіркелді. Ұсталған адамның басқа қылмыстарға қатысы тексеріліп жатыр.